Астана банкінің бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровқа сырттай үкім оқылды

Көрнекі сурет.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында "Астана банкі" АҚ бұрынғы басшылары мен бұрынғы қызметкерлеріне сот үкімі оқылды. Сот банктің бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровты 10 жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлады жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров.

"22 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Астана банкі» АҚ-ның бұрынғы басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды. Сот директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы және мажоритарлық акционер Олжас Тоқтаровты банкроттыққа дейінгі кезеңде Алматыдағы бизнес орталықтарын өзінің бақылауындағы компаниялардың пайдасына қарай заңсыз иеліктен шығарды және қызмет көрсету деген желеумен ақша жымқырды деп кінәлі таныды" деді Данияр Бегайдаров брифинг кезінде.

Сот үкімі бойынша, Тоқтаровқа тиесілі тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттар, жер телімдері, құнды қағаздар, криптовалюта тәркіленбек. Тәркіленетін активтердің жалпы құны 14 млрд теңге.

Бұған қоса, банктің бірнеше бұрынғы қызметкері де кінәлі деп танылған. Агенттіктің мәліметінше, сот олардың "өз кінәларын мойындап, тергеу органдарымен әріптестік орнатқанына байланысты" бостандықты айыру жазасына қатысы жоқ жаза түрін тағайындаған.

Олжас Тоқтаров қазір Қазақстан аумағынан тыс жерде жүр. Былтыр қыркүйекте жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Олжас Тоқтаровты "қылмыстық топ құру" және "жымқыру" бабы бойынша айыптап, ақпарат құралдары арқылы оны тергеуге шақырған еді.

2018 жылы "Астана банкі" "төлем және аударма операциялары бойынша келісімшарттық міндеттемелерді жүйелі түрде орындамағаны үшін, пруденциялық нормативтерді бұзғаны үшін, сонымен бірге уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны үшін" банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған еді. Оның алдында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше банкті сынап, "олардың көрсеткіштері өте нашар" екенін айтқан еді. Арасында "Астана банк" те бар. Халықаралық басылымдар Олжас Тоқтаровты экс-президенттің күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа жақын адам ретінде сипаттаған.