Желіде тараған даулы видео, куәгерлер сөзіндегі алшақтық. Шерзат Полаттың өлімі бойынша сотта не болып жатыр?

16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты Жетісу облысы Талдықорған қаласында өтіп жатқан сот процесі. Жоғарғы соттың трансляциясынан скриншот.

Жетісу облысы Талдықорған қаласында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесі жалғасып жатыр. 5 мамырда жеті куәгердің жауабы тыңдалып, осыған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен, айыпталушылардың сот залында жымиып тұрған сәті бейнеленген видео талқыланды.

Талдықорғандағы сот процесінде былтыр күзде Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Полатты кім өлтіргенін анықтауға тырысып жатыр. Бұл қылмыстық іс бойынша, адам өліміне апарып соққан төбелеске қатысқан тоғыз адамға айып тағылған. Алайда олардың ешқайсысы жасөспірімге пышақ жұмсаған деген айыпты мойындамай отыр. Куәгерлер болса, жасөспірімді ұрып-соққан адамдардың қолында қару болғанын айтады.

Қазақстан жоғарғы соты Шерзат Полаттың сот процесінен тікелей трансляция жасап, жұрт оны интернет арқылы бақылап отыр.

Даулы видеоны түсіріп, желіде таратқан кім?

5 мамырдағы сот отырысы кішігірім дау-дамайдан басталды. Айыпталушылардың туыстары сот залында түсірілген видео әлеуметтік желіде таралғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, айыпталушылардың залдан күлімсіреп шыққан сәті бейнеленген видео желіде жарияланып, бұл Қазнетте жаппай сынға ұшыраған.

Шағым айтушылар даулы видеоның желіде таралуын Шерзат Полат отбасының адвокатының көмекшісінен көреді. Бірақ Алмат Марсов ондай жорамалды жоққа шығарды.

"Айыпталушыларды түсіруге болмайтынын білемін, адвокат [Мейірман] Шекеев маған олай істеуге тыйым салған. Қаласаңыздар, телефонымды берейін, тексеріңіздер. Тағы бір жайт — желіде тараған бейнежазбаны штативке орнатылған камера түсірген. Кадр форматы — 16:9, ол YouTube форматы. Құрметті сот, бұған менің қатысым жоқ", — деді Марсов.

Судья Ержан Жанұзақов даулы видеоны кім түсіргенін анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізілетінін, оның нәтижесін кейінірек хабарлайтынын айтты.

Куәгерлер не айтты?

Дүйсенбі, 5 мамыр күнгі сотта Шерзаттың өліміне куә болған адамдардан жауап алынды. Олардың қатарында — қылмыс болған жердің жанындағы үйдің тұрғындары мен сол жерге төбелестен кейін барған жастар бар.

Куәгерлердің бірі — Талғар қаласының тұрғыны Наргиза Низамединова сот залында 2024 жылдың қазаның айының 4-іне қараған түні айғай-шудан оянып кеткенін айтты. Терезеден қараған ол көше жақта Шерзатты бір топ адам қуып жетіп, қолмен және таяққа ұқсайтын затпен ұрып жатқанын көрген. Оның сөзінше, жасөспірімді арықша келген, қызыл бас киім киген жігіт ұрып-соққан.

Тағы бір куәгер Сәкен Әкіжанов жарылысқа ұқсайтын қатты дыбыстар мен әйел адамның айқайын естіп, бірнеше адамның жас жігітті ұрып жатқанын көргенін айтты.

Айыпталушылардың адвокаттары кейбір куәгердің тергеу барысында айтқаны мен соттағы сөзінде алшақтық барын айтты. Куәгер Данияр Жанболатұлы мұның себебін өзі полициямен орыс тілінде сөйлескенімен, кейін оның сөзін қазақшаға тергеуші аударғанымен түсіндірді. Ол сондай-ақ оқиға болған маңнан Шерзаттың шошып қалған достарын көргенін, бірақ олардан не жағдай болғанын сұрамағанын айтты.

"Адам қорқып тұр ма, жоқ па — бет-әлпетінен байқауға болады. Біреуінің басынан қан сорғалап тұрды, олар жай қыдырып жүрген шығар деп ойладым. [Бірақ ешқайсымен сөйлескен жоқпын,] олар өзімен өзі жүргендей болып көрінді", — деді куәгер.

Қоғам наразылығынан туған петиция

Шерзаттың өлімі бойынша сот процесіндегі әрбір тыңдау халықтың назарынан тыс қалмай, кейде қызу пікір тудырып жатыр. Әсіресе, қылмыс жасалған түні төбелеске қатысқан адамдармен бірге дүкенге барған куәгерлерден жауап алынғаннан кейін қоғамда наразылық артты. Бұл жерде Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелді туралы сөз болып отыр.

Оған қоса "Чика" деген лақап аты бар әлдебір адам жайлы да жиі айтылады. Сол күнгі төбелесте зардап шеккен, бүгінде марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев (Шерзаттың ағасы) бірінші болып қол жұмсап, төбелес бастаған сол деп көзі тірісінде айтқан еді.

Нұрқанат Ғайыпбаев 2024 жылдың желтоқсанында Алматы облысындағы өзі тұратын ауыл шетінен өлі табылған. Полиция ол оқиғаны суицид деп атаған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қамау, қылмыстық іс, айыппұл, депортация. Қаржаубай Нұрымов пен туыстары не үшін жауапқа тартылды?

Қазнет қолданушылары Шерзаттың өліміне байланысты сотта куәгер болған кейбір адамдарды қылмысқа қатысы бар ретінде жауапқа тартуды талап етіп, петицияға қол жинауды бастады.

"Қайғылы оқиғадан кейін Шерзаттың отбасының үйі өртенді. Негізгі куәгер — ағасы Нұрқанат қаза тапты. Тергеу мұны суицид деп атады. Бірақ сәйкестік тым көп. Үнсіз қалғандар да көп. Бұл жай ғана жеке біреудің қайғысы емес. Бұл — бүкіл елге қауіп төндіреді. Егер қылмысқа қатысы барлар жазаланбаса, бұл басқаларға: қылмыстың ізін жасыруға және жауапкершіліктен құтылып кетуге болады деген белгі болмақ. Біз әділ тергеуді және қылмысқа қатысы барлардың барлығын жауапқа тартуды талап етеміз, — деп жазылған петицияда.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бас прокуратура Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты

Петицияға қазірдің өзінде 11 мыңнан астам адам қол қойды, бірақ билік оны қарастырады деуге үміт аз. Себебі петиция ресми платформада емес, өзге бір ресурста жарияланған. Заң бойынша, петиция ресми порталға жарияланып, 50 мыңнан астам адам қол қойса ғана билік оны қарауға қабылдауы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жәбірленушілердің жауабы тыңдалдыШерзат Полаттың өлімі бойынша сот: Судья тараптарға БАҚ-қа сұхбат бермеуге кеңес бердіТоғыз айыпталушы. Талдықорғанда Шерзат Полаттың қазасы бойынша алдын ала сот өтті