Киев пен Мәскеу Пасха мерекесіне орай әскери тұтқын алмасқанда Украина Ресейге қайтарған адамдар тізімінде Қазақстанның екі азаматы бар. Мұны "Украина – Орталық Азия" телеграм-арнасы хабарлады.
Ресейлік әскери тұтқындарды іздеу және отанына қайтару бағытында жұмыс істейтін "Наш выход" қоғамдық қозғалысы жариялаған тізімдегі "2005 жылы туған Егамбердиев Шерхан Джуманазарович" және "2002 жылы туған Ордабаев Ерболат Дулатович" деп жазылған екі адамның аты-жөнінің тұсында "Қазақстан"деп көрсетілген.
"Украина – Орталық Азия" телеграм-арнасы бұған дейін "Хочу жить" жобасы жариялаған қазақстандық жалдамалылар тізімінде "2000 жылы туған Эгембердиев Шерхан Джуманазарович" және "1995 жылы туған Ордабаев Ерболат Дулатович" деп жазылғанына назар аудартады. Осы екі тізімдегі адамдардың туған жылдары мен Эгембердиев/Егамбердиев сойының жазылуында айырмашылықтар бар, оның себебі әзірге белгісіз.
Қазақстан билігі Украина әскери тұтқын ретінде Ресейге екі қазақстандықты қайтарған деген хабарға байланысты әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский "30-сағатқа атысты тоқтатуға" келіскенмен Ресейді оның шарттарын бұзды деп айыптадыПасха мейрамына орай тұтқын алмасу аясында Украина мен Ресей әрқайсысы 246 әскери тұтқынды босатқан. Бұған қоса, Украина келісімнен тыс тағы 31 жауынгерін қайтарып алды деп хабарлады әскери тұтқындар мәселелерімен айналысатын үйлестіру штабы. Сонымен қатар "ізгі ниетті әрекет" ретінде Ресей 31 жаралы украин сарбазын еліне беріп, Украина оның орнына Ресейге 15 жаралы жауынгерді қайтарған.
Бұл – Украина мен Ресейдің тұтқын алмасуы кезінде Орталық Азия елдерінің азаматтарын әскери тұтқын ретінде қайтарған алғашқы жағдай емес. 2024 жылдың шілдесінде Украина Қырғызстан азаматы Әлішер Тұрсыновты Ресейге қайтарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан дипломаттары Украинадағы тұтқынға түскендердің координация штабымен кездестіУкраина әскери тұтқын ретінде Қазақстанның екі азаматын Ресейге қайтарған деген ақпарат тараған шақта Украинадағы қазақстандық дипломаттар тұтқындар мәселесі жөніндегі штаб өкілдерімен кездескені белгілі болды. "Хочу жить" жобасының хабарлауынша, бұл кездесу Қазақстан тарапының бастамасымен өткен. Алайда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен Киевтегі елшілік бұл жөнінде әзірге ресми мәлімет таратқан жоқ.
Биыл сәуірдің басында "Хочу жить" жобасы Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысқан немесе қатысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған. Онда 661 адамның есім-сойы бар. Жоба мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың аяқ шеніндегі дерек бойынша, осы тізімдегілердің кемінде 78-і тірілер санатында жоқ деп есептелген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алдаған, арбаған, қорқытқан. Украинада соғысқа қатысты деген 661 қазақстандықтың тізімі шықтыАталған тізім жарияланғаннан кейін украиналық блогер Владимир Золкин YouTube арнасында Украинада тұтқынға түскен, өздерін қазақпыз деп таныстырған үш жас жігіттен алған сұхбатты жариялады. Олардың екеуі Қазақстан азаматымыз десе, үшіншісі — Қазақстанмен шекаралас Ресей аймағында туып-өскен ұлты қазақ ресейлік екенін айтты. Алайда олардың аты-жөні аталмаған.
Осы видеосұхбат желіде жарияланғаннан кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті. Министрлік елдің Қылмыстық кодексінде "Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" (172-бап) және "Жалдамалылық" (170-бап) деген екі бап барын еске салған. Бірінші бап бойынша тоғыз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы, екіншісі бойынша өмір бойына түрме жазасы қарастырылған.
"Ішкі істер министрлігі азаматтарға Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға және құқықтық салдары ауыр болуы мүмкін іс-әрекетке қатысудан аулақ болуға кеңес береді", — деп жазылған министрлік хабарламасында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Украинадағы тұтқын қазақтар" видеосынан соң Қазақстан ІІМ шетелде соғысқа қатысқандар жауапқа тартылатынын ескертті2024 жылдың қарашасындағы дерекке сәйкес, Украинада соғыс басталғалы бері (2022 жылғы 24 ақпаннан бастап) Қазақстанда шетелдік қақтығыстарға қатысқан 46 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда олардың нақты қаншасы Украинадағы соғысқа қатысты екені көрсетілмеген.