Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасының мәлімдеуінше, украин әскері 2 мамырда ресейлік Су-30 жойғыш ұшағын зениттік қондырғы орнатылған экипажсыз "Магура" катерінен атып түсірді. Ақпаратқа қарағанда, оқиға ресейлік Қара теңіз флоты орналасқан Новороссийск портына жақын жердегі акваторияда болған. 3 мамырға қараған түні украин әскері Краснодар өлкесі жағалауындағы нысандарға экипажсыз катер және дронмен соққы жасаған. Ал Ресей әскери авиациясы шабуылға тойтарыс беруге қатысқан.
Ведомствоның телеграм-арнасы жариялаған видеода атып түсірілген ресейлік ұшақ көрінеді. Жойылған ұшақтың құны 50 млн доллар деп айтылады.
"Бұл теңіз дронының әлемде әскери ұшақты алғаш рет жоюы" деп жазылған хабарламада. Алайда мәселе алғашқы дрон жөнінде болып отырған жоқ. 2024 жылы 31 желтоқсанда украин барлау басқармасы екі ресейлік Ми-8 тікұшағын теңіз дронымен атып түсіргенін хабарлаған. Ресейлік бейресми дереккөздер сол кезде бір тіұшақ атып түсірілгенін айтқан еді.
Ресей қорғаныс министрлігі әзірге Украина бас барлау басқармасының хабарламасына реакция білдірген жоқ. Алайда ресейлік әскери телеграм-арналар Су-30 жойғыш ұшағының атып түсірілгенін және оны теңіз дроны құлатқанын мойындады. "Рыбарь" телеграм-арнасы украин әскері Новороссийскінің батысына таман 50 шақырым аумақта украин әскері Су-30 ұшағын атқанын жазды.
Ұшқыштар ұшақтан секіріп кеткен – оларды азаматтық теңізшілер алып кеткен. "Ең бастысы адамдар тірі" деп жазды "Рыбарь". Әуе ғарыш күштеріне жақын ресейлік Fighterbomber арнасы да солай деп жазды. Украиналық "Крымский ветер" телеграм-арнасының жазуынша, Су-30СМ ұшағы атып түсірілген болуы мүмкін. Ал экипажды Панама туымен жүретін "Виктория Форчун" кемесі алып кетті деп жазды Крым.Реалии.
Украина президенті Владимир Зеленский 3 мамыр кешкі видеомәлімдемесінде аннексияланған Қырымдағы нысандарға шабуыл кезінде украин әскері тағы бір ресейлік ұшақты жойғанын мәлімдеді. Әзірге ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөз табылмады.