Тұтқын алмасу кезінде Ресейге берілген қазақстандық өзін соғысқа қайта жіберейін деп жатқанын айтып, көмек сұрады

Украина мен Ресей арасында "тұтқын алмасу"

Тұтқын алмасу кезінде Ресейге тапсырылған қазақстандық өзін соғысқа қайта жіберейін деп жатқанын мәлімдеп, көмек сұрады

"Мені Донецк облысына жіберейін деп жатыр. Менде байланыс болмай қалатын сияқты. Әрі қарай мені не күтіп тұрғанын да білмеймін" деді 20 жастағы Байқоңыр тұрғыны Шерхан Егембердиев Airan.media басылымына жіберген видеосында.

Жуырда Пасха мерекесіне орай ұйымдастырылған тұтқын алмасу кезінде Украина жағының Ресейге тапсырған солдаттарының арасында екі қазақстандық бар екені, олардың бірі Шерхан Егембердиев екенін жергілікті БАҚ жазған.

Егембердиевтің сөзінше, ол Ресейге барып, "Ұсақ бұзақылық" жасағаны үшін полиция бөлімшесіне түскен. Ол жерде оған қысым жасалғаннан кейін Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойып, Украинадағы соғысқа жіберілген.

Майданда жараланып, тұтқынға түскен. Украинада жеті ай бойы тұтқында болған.

Airan.media-ның жазуынша, осы тұтқын алмасу кезінде Ресейге берілген тағы бір қазақстандық Ерболат Ордабаевтың да тағдыры белгісіз болып отыр. Тұтқын алмасудан кейін онымен байланыс үзілген.

Қазақстанның құзырлы органдары әзірге оқиғаға реакция білдірмеді.

Пасха мейрамына орай тұтқын алмасу аясында Украина мен Ресей әрқайсысы 246 әскери тұтқынды босатқан. Бұған қоса, Украина келісімнен тыс тағы 31 жауынгерін қайтарып алды деп хабарлады әскери тұтқындар мәселелерімен айналысатын үйлестіру штабы. Сонымен қатар "ізгі ниетті әрекет" ретінде Ресей 31 жаралы украин сарбазын еліне беріп, Украина оның орнына Ресейге 15 жаралы жауынгерді қайтарған.

Бұл – Украина мен Ресейдің тұтқын алмасуы кезінде Орталық Азия елдерінің азаматтарын әскери тұтқын ретінде қайтарған алғашқы жағдай емес. 2024 жылдың шілдесінде Украина Қырғызстан азаматы Әлішер Тұрсыновты Ресейге қайтарған.

Биыл сәуірдің басында "Хочу жить" жобасы Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысқан немесе қатысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған. Онда 661 адамның есім-сойы бар. Жоба мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың аяқ шеніндегі дерек бойынша, осы тізімдегілердің кемінде 78-і тірілер санатында жоқ деп есептелген.

2024 жылдың қарашасындағы дерекке сәйкес, Украинада соғыс басталғалы бері (2022 жылғы 24 ақпаннан бастап) Қазақстанда шетелдік қақтығыстарға қатысқан 46 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда олардың нақты қаншасы Украинадағы соғысқа қатысты екені көрсетілмеген.