Трамп Римде Зеленскиймен кездесіп, ізінше Путинді сынады

Дональд Трамп және Владимир Зеленский. Рим, 26 сәуір 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ президенті Дональд Трамп Римде қысқа кездесу өткізді. Олар Италияға Рим папасы Францискімен қоштасу рәсіміне барған еді. Келіссөз әулие Петр соборында болды. Бұл жөнінде Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров хабарлады.

Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак кездесуден бір сурет жариялап "конструктивті" деп жазып қойған. Екі басшы 28 ақпанда Ақ үйде дауласқаннан кейін алғаш рет бетпе-бет кездесіп отыр. Сол кезде Киев пен Вашингтон сирек металл туралы келісімге қол қоюды жоспарлаған, алайда бұл болған жоқ.

Ақ үйдің өкілі Стивен Чунг келіссөздің өнімді өткенін айтқанмен жай-жапсарына тоқталған жоқ.

Бастапқыда екі басшы азалы жиын өткеннен кейін тағы бір рет кездесу өткізетіні хабарланған, кейін Зеленскийдің кеңсесі "басшылардың тығыз кестесіне байланысты" кездесу өтпейтінін айтты.

Зеленский келіссөзді "тарихи деп атау мүмкіндігіне лайық" әңгіме деп атады. Украина президенті азаматтарды қорғау және атысты тұтас тоқтату мәселесі талқыланғанын атап өтті. Ол Трампқа алғыс айтқан.

Бұған дейін Трамп Украина мен Ресей арасында бейбітшілік келісіміне жақын арада қол қойылатындығына сенімді екенін мәлімдеген. Жуырда оның арнайы уәкілі Стивен Уиткофф Мәскеуге барып, Ресей басшысы Владимир Путинмен кездескен.

Зеленскиймен келіссөзден кейін Трамп Ресей президентін тағы сынады. Truth Social желісінде ол өзі жөнінде Ресейге тиімді саясат жүргізіп отыр деп жазған The New York Times мақаласына шүйлікті.

Трамп жазбасының соңында "Путиннің соңғы күндері бейбіт аудандар, қалалар мен ауылдарды зымыранмен атқылауына еш негіз жоқ еді. Бұл бәлкім, ол соғысты аяқтағысы келмей, әншейін мені алдаусыратқысы келе ме деген ойға жетелейді. Мүмкін, онымен басқаша сөйлесу керек шығар? "Банктік шаралар" немесе "жанама санкция" енгізу арқылы. Тым көп адам өліп жатыр" деп жазды Трамп.

Кейінгі күндері Трамп осымен Путинді сынап екінші жазба жариялап отыр. 24 сәуірде Ресей әскерінің Киевке жаппай соққысынан кейін АҚШ президенті Ресей басшысын атысты тоқтатуға шақырған.

Ал Кремльдің өкілі Дмитрий Песков Уиткоффпен кездесу кезінде Путин Украинамен ешқандай шартсыз атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдегенін айтты. Песковтің сөзінше Путин мұны "талай айтқан".