Қазақстандық Qaznews24 сатиралық паблигі өз құрылтайшысы Темірлан Енсебектің жобадан кететінін жариялады. Сәуір айында сот Еңсебекті "ұлтаралық араздық қоздырды" деген айыппен бес жылға бостандығын шектеген және бірқатар қызметпен айналысуына тыйым салған еді.
Qaznews24 паблигі 1 мамырда Instagram-дағы парақшасында "бүгін Темірлан жобадан толық кететін сәт туды" деген жазба жариялады.
"Бұл шешім оңай болған жоқ. Бірақ ол жобаға, оқырмандарға және, әрине, өзіне деген құрметке сүйене отырып қабылданды. Темірлан өзі бірге болмаса да, жоба өз тірлігін ары қарай жалғастырып, өсіп-өркендей беруі үшін осындай қадамға барды", – делінген онда.
Жазбада Еңсебек енді редакциялық жұмыстарға және шешім қабылдауға араласпайды, аккаунттарға кіре алмайды деп жазылған.
"Qaznews24 жұмысын жалғастырса, сатира үні өшпесе екен деген –Темірланның өз қалауы және елімізде қаншалықты аз қалса да, сөз еркіндігі өмір сүрсінші деген ниеті болды", – деп жазды Qaznews24 постында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қамамай тұншықтырды". Темірлан Еңсебекке шыққан үкімге реакция11 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті "араздық қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, оған бес жылға бостандығын шектеу жазасын кесті. Сот Еңсебектің қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митингіге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды.
Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, үкімді "шектен тыс қатал" деп атады.
Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған іске Qaznews24 паблигіндегі постында жариялаған "Йоу, орыстар" деген ән себеп болған. Мазмұнында дөрекі сөздер бар даулы ән әлеуметтік желіде әр жерде жарияланып жүргеніне бір жылдан асқан, бұрын Қазақстанда ол әнге тыйым салынбаған. Бұл ән ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда "орыс тілі кемсіту көріп жатқаны" жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде шыққан еді (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесінен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан). Бірақ биыл Қазақстан соты ол әнді "ұлтаралық татулық пен халық бірлігіне жік салады" деген байлам жасады. Еңсебек соттағы сөзінде іске ілік болған посты ұлты орыс адамдарға емес, Тине Канделакиге қатысты және Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығына наразылық ретінде жазылғанын айтты.
Еңсебектің адвокаты Жанара Балғабаева соттан Темірланға қарсы "жосықсыз" қозғалған қылмыстық істі жабуды талап етті. Жақында Еңсебек бірінші сатыдағы сот үкіміне келіспейтіні жөнінде шағым бермек ниетте екені белгілі болды.
Qaznews24 сатиралық паблигі 2021 жылдың сәуір айында құрылған. Оның авторы Темірлан Еңсебек сол жылы мамыр айында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әжуалаған пост жариялағаны үшін қудалауға ұшырады. Оның үстінен қозғалған қылмыстық іс пост авторының "іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ" болғандықтан 2022 жылы қыркүйек айында жабылған.