Сәуірде оқ жарақатын алып, ауруханаға түскен Шымкент әкімі орынбасары Руслан Берденов пен оны атты деп күдікке ілінген адам арасындағы жанжал жөнінде мәлімет жоқ. Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы Informburo сайтына жіберген жазбаша жауабында осылай деп мәлімдеген. Хабарламада күдіктінің аты-жөні де көрсетілген – бұл Шымкент қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС директоры Ернар Жиембаев.
Басылымның жазуынша, күдікті Ернар Жиембаев 21 сәуірге дейін "Тұрғын үй Шымкент" компаниясының директоры міндетін атқарған, бірақ оқиғадан кейін қызметінен босатылған.
Бұл компанияның міндетіне тұрғын үй коммуналды шаруашылықты жаңарту шараларын жүзеге асыру, оның ішінде көп қабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, лифтілерді ауыстыру да кірген.
"Аяқталған құрылыс жұмыстарының сапасын, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін, сонымен бірге бюджет қаражатының тиімді және мақсатты жұмсалуын тексеру мақсатында құрылыс басқармасы Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне «Тұрғын үй Шымкент» компаниясы жөндеген нысандарға тиісті аудит жүргізуді сұрап ресми хат жолдады" деп хабарлады ведомство өкілдері.
21 сәуірде Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдебіреудің оқ атып, жараланған шенеунік қалалық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған еді. 29 сәуірде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оның жағдайы тұрақты екенін, оның өздігінен қозғала алатындығын хабарлаған. Шенеунікті күдікті аңшы мылтығынан атқан деп айтылады. Жергілікті басылымдар осыған дейін шенеунікке жасалған қарулы шабуылға күдікті ретінде ұсталған адам әкімдікке қарасты мекемеде жұмыс істегенін жазған еді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Осыған дейін Жиембаевтың әкесі оқиғаға өкініш білдіріп, сот пен тергеу істің анық-қанығын анықтайды деп айтқан.