Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Самарқан қаласында өткен Орталық Азия – Еуроодақ саммитінде сөз сөйлеп, Еуропа оағы мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасты жақсарту жолдарына тоқталды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Тоқаев сөзінде екі аймақ арасында сауда және экономика саласында байланысты арттыру қажетін айтты және Еуропа нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын екенін айтты.
– Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады. Еуропа одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Дегенмен шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытамыз, – деді Тоқаев.
Бұған қоса Қазақстан президенті жаңартылатын қуат көздері мен экологиялық таза отын жобаларын жүзеге асыруға да мән беретінін айтты.
– Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен бірге жел, күн электр стансаларының қуатын арттырып, «жасыл» сутегі өндірісі жобасын қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжан елдерімен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін біртұтас электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады, – деді ол.
Қазақстан басшысы күрделі геосаяси ахуалға да тоқталып, Украинадағы соғысты тоқтату бойынша келіссөз барысына қолдау білдірген.
– Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Украина бойынша мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз, – деді ол.
Саммиттен кейін жасалған бірлескен баспасөз мәлімдемесінде екі өңірдегі ел лидерлері бейбітшілік, қауіпсіздік және демократия бағыттарында бірлесе дамуға ниетті екені, заң үстемдігі мен адам құқығын сақтауға әрі қорғауға бейіл екенін танытқаны жазылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.
Орталық Азия – Еуропа одағы саммиті Өзбекстанның Самарқан қаласында 3-4 сәуірде өтті. Оған Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта, Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан президенттері қатысты.