АҚШ Ресейге қарсы жаңа экономикалық санкция пакетін дайындады. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters хабарлады. Дереккөздің айтуынша, шектеулер энергетика және банк секторына қарсы бағытталған. Санкция тізімінде "Газпром" және табиғи ресурс саласындағы өзге де компаниялар бар.
Санкцияның мақсаты – Мәскеуге қысымды үдету және оны президент Дональд Трамптың Ресей-Украина соғысын аяқтау бойынша бастамасын қолдауға итермелеу деді дереккөздер. Трамп ұсынылған шараларды қолдай ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
АҚШ ұлттық қауіпсіздігінің өкілі Джеймс Хьюиттің айтуынша, президент әу бастан-ақ атысты толық тоқтатуға күш салып келеді, бірақ келіссөздің жай-жапсарын айтудан бас тартты. АҚШ қаржы министрлігі түсініктеме бермеді.
Bloomberg-тің мәліметінше, Трамп Ресейге қысымды үдетудің бірнеше жолын қарастырып жатыр. Трамптың жоспарының жай-жапсары айтылмайды.
Бұған дейін осы аптада АҚШ-тың 70-тен астам сенаторы Ресейге қарсы ірі санкция салу туралы заң жобасын қолдаған. Құжатта өзге жайттармен қатар Ресейден мұнай, газ, уран сатып алатын елдерден келетін импорттық тауарға салынатын баж салығын 500% дейін өсіру қарастырылған.