Ресейлік ТМД елдері институтының қызметкері Андрей Грозин Қазақстанға кіргізілмеді. Бұл жөнінде ұйымның ресми сайты хабарлады.
Грозин институттың Қазақстан және Орталық Азия бөліміне жетекшілік етеді. Институттың мәліметінше, 27 сәуірде Астанадағы паспорттық бақылау аймағында Грозин Қазақстанға "себебі түсіндірілместен" кіргізілмеген.
"Кіргізбеу себебін анықтауға тырысқанымызбен еш нәтиже болмады. Дүйсенбі, 28 сәуірге қараған түні Андрей Грозин Мәскеуге оралуға мәжбүр болды" деп жазылған хабарламада.
Ұйымның жазуынша, Андрей Грозин Астанаға 28-29 сәуірде өтетін "Ресей-Қазақстан қарым-қатынасындағы инвентаризация мәселесіне" арналған шара және "Ресей – Қазақстан: қауіпсіздік және гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы өзара іс-қимыл динамикасы" атты дөңгелек-үстелге қатысу үшін барған.
Қазақстан билігінен әзірге бұл жайтқа реакция болмады. Азаттық Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады. Жаңалық шыққанға дейін келген жоқ.
Институт өкілдерінің айтуынша, 2023 жылы осы ұйымның директоры, мемлекеттік дума депутаты Константин Затулин Байқоңыр айлағында ғарыш кемесін ұшыру шарасына қатыспақ болып келген кезде де Қазақстанда оны "бірнеше сағат бойы кіргізбеуге тырысқан".
БАҚ-тың жазуынша, ара-тұра шовинистік көзқарас-пікірлерімен көзге түсіп қалатын Андрей Грозин мысалы, 2022 жылдың басында, Қаңтар оқиғасынан кейін Ресей үшін Украинадан бұрын Қазақстан мәселесін шешіп алу маңызды екенін айтқан. Ол кремльшіл ақпарат құралдарымен тығыз әріптестік орнатқан.
28 сәуірде саясаттанушы Марат Шибутов өзінің телеграм-арнасында Грозинді Қазақстанға кіргізбеуді "қазақстандық ғалымдардың Ресейге жаппай кіргізілмеуіне" жауап ретінде бағалаған.