Қазақстанда әуе тасымалы қызметін көрсететін Qazaq Air әуекомпаниясы енді VietJet Kazakhstan деп аталатын болады. Бұл жаңалықты 6 мамырда Астанада өткен Қазақстан мен Вьетнам арасындағы іскерлік кездесуде "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты деп хабарлады ҚазАқпарат.
Жақыпов Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында Qazaq Air әуекомпаниясын сатып алушы ретінде SOVICO Group компаниясы белгіленді, мәміленің барлық шарттары орындалып, төлем қабылданды, ал акциялар инвестордың жеке шоттарына берілді деп мәлімдеді.
− Біз SOVICO Group пен VietJet Air компанияларының Qazaq Air-ді VietJet Kazakhstan жаңа бренді аясында басқаруға және операциялық қызметіне қатысу ниетін жоғары бағалаймыз. Өңірдегі маршруттық желінің кеңеюі көлік байланысын нығайтып, жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастырады, − деді Нұрлан Жақыпов.
"Самұрық-Қазына" қоры мен вьетнамдық Sovico Group компаниясы (ол VietJet әуе компаниясына иелік етеді) Qazaq Air-ді сатып алу-сату жоспарын былтыр көктемде жариялаған. Ал желтоқсан айында қазақстандық қор Qazaq Air әуекомпаниясын сату туралы келісімшартқа вьетнамдық Sovico Group құрамына кіретін компаниялар консорциумымен бірге қол қойғанын хабарлаған.
Бұл жолы қор мәміленің қаржылай көлемі туралы мәліметті жариялаған жоқ, тек инвесторлар алдағы бірнеше жылда әуекомпаниясының ұшақ паркін 20 дана Boeing 737 Max немесе Airbus A321 үлгісіндегі ұшақтармен толықтыруға міндеттеме алғанын хабарлады деп жазды Vlast.kz басылымы.
Мәміле тараптары ретінде қордың өзі, сондай-ақ Sovico Group JSC құрамына кіретін Central Asia Aviation Holdings Limited компаниясы мен толықтай қазақстандық Kazasia Holdings Limited компаниясы аталды. "Самұрық-Қазына" қоры Qazaq Air компаниясындағы 49% үлесін сақтап қалады деп жазды Vlast.kz.
Бұған дейін "Самұрық-Қазына" қоры Qazaq Air әуекомпаниясына қатысты мәміленің міндетті шарты ретінде әуекомпаниясының 38 млрд теңге қарызы өтелуі қажет екенін мәлімдеген болатын.
Сейсенбі, 6 мамыр күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Ламмен Ақордада шағын құрамда келіссөз өткізді деп хабарлады Қазақстан президентінің баспасөз қызметі. Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген То Ламды дүйсенбі күні Астана әуежайынан күтіп алған еді.