17 сәуір күні "Уральская неделя" басылымының бас редакторы Тамара Еслямова редакцияға қолдау ретінде донат жинау басталғанын хабарлады. Оның сөзінше, кейінгі 25 жыл бойы Батыс Қазақстан облысына ақпарат таратқан бұл медиа жыл басында қаржылай қиындыққа тап болған. Қаңтар айында редакция екі үлкен жарнама берушіден айырылып, содан бері табысы шығыннан аспай отыр.
"Кейінгі кездері "Уральяская неделяны" қалай сақтап қаламын деген оймен ұйықтап, осы оймен оянып жүрмін. Ұжымымыз онсыз да шағын еді, осы ұжымның жалақасына деген ақшам екі-ақ айға жетеді. Мәселені төтесінен қойғанда, редакция жұмысында қаржылай тұрақтылық орнатпасам, редакцияны таратуға мәжбүр боламын" деп жазды басылым жетекшісі.
"Уральская неделя" газеті Орал қаласында 2001 жылдан бері басылып келеді. Бастапқыда тиражы 3000 дана болса, 2014 жылы 19 мыңға дейін жеткен. Бірақ кейін газетке деген сұраныс азайған. Еслямованың айтуынша, бұған әлеуметтік желі факторы және Ресейдің Қырымды аннексиялауы ықпал еткен.
– 2014 жылы Ресей Украина аумағы – Қырымға басып кірді. Редакциямыз әрдайым құқық қорғау, заң үстемдігі мәселесіне мән беріп келген. Сол себепті, редакциялық саясатымыз аясында бұл оқиғаны халықаралық нормалар мен заңдардың өрескел бұзу деп көрсеттік. 2014 жылдан бастап қоғам ішінде, жергілікті тұрғындар арасында бөліну байқала бастады. Путиннің саясатын қолдайтындар біздің редакцияға наразылық білдіріп, өздеріне ұнамаған материалдарды жариялағанымыз үшін бізге сын айтуға көшті, – деді Еслямова Азаттыққа.
"Уральская неделя" газетінің бас редакторы
2020 жылғы коронавирус індеті кезінде қауіпсіздік шаралары қабылданып, "Уральская неделя" жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Еслямованың айтуынша, редакция тұрақты оқырмандарының бір бөлігінен сол кезде айырылған. Газет тиражы 2500 данаға дейін азайып, табыс шығынды жаба алмай қалған. Газетті басуға редакция бюджетінің 80-85 пайызы кеткендіктен, былтыр редакция газет шығарудан бас тартып, онлайн хабар таратуға көшкен. Енді донат көмектеспесе, сайт жұмысы да тоқтауы мүмкін: 12 қызметкері бар редакция жабылуға мәжбүр болады.
Тарама Еслямова редакция газет басуды тоқтатса да, оны іздеп кеңсеге келетін оқырмандар бар дейді. Бұған дейін таралым жеткілікті болған кезде сатылым мен жарнама табысы баспа шығындарын және журналистердің жалақысын өтеп отырған. Редакция жетекшісінің айтуынша, "Уральская неделя" медиа қорлардан грант алуға өте сирек өтініш берген және үкіметтен ешқашан тендер алмаған.
– Мемлекеттік тапсырыс журналистиканың табиғатына қайшы келеді. Егер мемлекеттен қаржыландыру мүддесі пайда болса, онда журналистика жоғалады. Оның орнына пропаганда қалыптасады, – дейді Еслямова.
Қазақ үкіметі мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру үшін медиа ресурстарға арнайы тапсырыс береді. Тапсырыс алған редакциялар белгіленген тақырыптар бойынша контент дайындап, оны жариялауға міндетті. Медиа сыншылар бұл тәжірибе нарықтағы бәсекелестікті жойып, мемлекеттік цензураны күшейтеді дейді.
Тамара Еслямованың айтуынша, он жыл бұрын "Уральская неделя" газетін сатып алғысы келгендер болған. Ол кейінгі екі-үш жылда Астана мен Алматыда билікке жақын кәсіпкерлердің өңірлік медиа ресурстарды жаппай сатып алып жатқанын айтады. Еслямова өз жобасына да таныстары арқылы қызығушылық білдіргендер болды дейді.
– Мен үшін "Уральская неделя" басылымы коммерциялық жоба емес. Оны сатып жіберуім мүмкін деген ойдың өзін қабылдай алмаймын. Иә, заңды иесі ретінде оны сатып жібере аламын. Бірақ мен үшін "Уральская неделя" қоғам игілігіне айналған басылым сияқты, – дейді редакция жетекшісі.
"Уральская неделя" басылымы билікке қоғамдық бақылау жүргізу міндетін атқарып келеді. 2011 жылы желтоқсанда редакция журналистері Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің бюджеттен тыс қоғамдық қоры бар екені туралы жазды. Зерттеу барысында облыстағы өндірістік компаниялар әлеуметтік жобаларға деп бөлген қаражаты көпке белгісіз қорға аударылып отырғаны белгілі болған. Бұл туралы "Уральская неделя" жазғаннан кейін қор жабылып, қаражат тікелей мемлекеттік бюджетке өткізілген.
Алайда 4 ай өтпей редакция журналисі Лұқпан Ахмедьяров өміріне қастандық жасалды. Кейін күдіктілер ұсталып, ісі сотқа жетеді. "Уральская неделя" басылымының жазуынша, олар сотта тапсырыспен әрекет еткенін айтқан, бірақ тапсырыс берушіні атамаған.
– Біз былтыр билікті әкімдік шешімімен құрылған жеке қор операцияларын толық ашық етуге мәжбүрледік. Бұл қорға жиналған қаржы былтыр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде бағытталған. Қайырымдылықтар жеке тұлғалардан түскендіктен оны әкімдік жеке қор арқылы басқарды. Біз қордағы [қаржы операцияларын] үнемі бақылап отырдық, – дейді Еслямова.
ҮКІМЕТ БӨЛГЕН ҚАРЖЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК
Қазақстан үкіметі мемлекеттік ақпараттық саясатын жүргізуге жыл сайын миллиардтаған теңге жұмсайды. "Құқықтық медиа орталық" ұйымының анықтауынша, 2009-19 жылдар аралығында үкімет медиа нарыққа 326 миллиард теңге жұмсаған. Бұл қаражат мемлекеттік телеарналарды қолдауға және жеке сектордағы медиа ресурстарға мемлекеттік тапсырыс ретінде бағытталған.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі бөлігін "Хабар" агенттігі, "Қазақстан" телерадиокорпорациясы, "Қазконтент" акционерлік қоғамы және "Егемен Қазақстан" республикалық газеті алады.
2020 жылдан үкіметтің медиа нарыққа бөлген қаражатының жалпы сомасын жария етпей келеді. Тек журналистер сұранысы бойынша мәлімдейді. Оның өзінде бөлінген қаражат нақты қандай мақсатта жұмсалатыны ашық айтылмайды. Мәдениет және ақпарат министрлігі былтыр "Курсив" басылымына берген дерегінде 2024 жылғы мемлекеттік ақпараттық саясатқа 60 миллиард теңге бөлгенін мәлімдеген. Бұл сомаға 255 мың мақаланы газетке шығару, 351 мың мақаланы интернет ресурстарға жариялау және 240 мың телевизиялық сюжет дайындау жоспарланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жәмила Маричева: Әлеуметтік желіде "Рухани жаңғыруды" ешкім оқымайдыҮкімет ақшасына қарайламай, тәуелсіз жұмыс істеуге ұмтылатын медиа жобалар да бар. YouTube-тегі AIRAN каналы өзін сондай жобалардың бірі санайды.
Саяси және әлеуметтік тақырыпта видео контент дайындайтын жоба үш жыл бұрын құрылған. Жоба құрылтайшыларының бірі әрі бас редакторы Дәурен Меркеевтің айтуынша, жобаны қаржыландыратын инвестор бар және ол редакция саясатына араласпайды.
– [Жобаны қолдап отырған] кәсіпкерлердің атын атаңыз деп жиі сұрақ қояды. Мен олардың есімдерін өздері келіскенде ғана айтамын. Әзірге мен ашық түрде "мына кәсіпкер бізге көмектесіп жатыр" деп айта алмаймын. Себебі біз кейде ресми директивтерге қайшы келетін ұстаным білдіреміз. Сондықтан ешкімді қиын жағдайға қалдырғым келмейді, – дейді Меркеев Азаттыққа.
AIRAN редакциясында 40 қызметкер бар. Олар YouTube-тағы үш аккаунтына аптасына орта есеппен 12 контент жариялап отырады. Жоба бас редакторы жарнама тартуда кідіріс бар дейді.
"Цифрлық сегментте сөзсіз жарнама бар. Бірақ, біздіңше, жарнама көбіне көңіл көтеретін контентте кездеседі, әсіресе, Instagram және TikTok секілді платформаларда көбірек. Ал YouTube-ке келсек, соғысты сынайтын мазмұндағы немесе Қазақстан тарихына, атап айтқанда, отарсыздандыру және декоммунизация сияқты тақырыптар төңірегіндегі саяси контентке жарнама беруден кәсіпкерлер тартынады, – деді Меркеев.
Төрт жыл бұрын құрылған "Ұлыс медиа" жобасының авторы Самал Ибраева редакцияның негізгі кіріс көзі жарнама екенін айтты. Оның сөзінше, жобаның алғашқы алты айлық шығынын бір инвестор жапқан. Бірақ Ибраева қолдаушының кім екенін ашық айта алмайтынын жеткізді.
"Бұл жобамен қолдауды сұрап, шынымды айтайын, 4-5 кәсіпкерге бардым. Сонда қолдаған бір адам болды", – дейді Ибраева.
Ulysmedia.kz басылымының бас редакторы Самал Ибраева (сол жақта) Азаттық медиафорумында отыр. Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.
"Ұлыс медиа" 2021 жылы қазақ тілінде танымдық ақпарат ұсынатын жоба ретінде құрылған. Алайда көп ұзамай саяси және әлеуметтік тақырыптарды екі тілде қамтитын медиа ресурсқа айналды. Жоба жетекшісінің айтуынша, жарнама берушілермен жиі сөйлескеннен кейін нарықта орыс тіліндегі контентке сұраныстың әлі де жоғары екеніне көзі жеткен.
Ибраева былтыр журналистерді оқытуға үкімет бөлген грантты ұтып алып, талап бойынша серіктес болғанын айтты. Бас редактордық сөзінше, "Ұлыс медиа" редакциясы биыл бірнеше мемлекеттік тапсырыс байқауына құжат тапсырып көрген. Бірақ өтініштері мақұлданбаған.
Қазақстанда мемлекет бөлген қаржыға тәуелді болғысы келмейтін редакциялар халықтың қолдауына, яғни донатқа сүйенуге мәжбүр. Әсіресе Covid-19 пандемиясы кезінде табысы азайған медиа ресурстар аудиториядан қаржылай қолдау іздей бастады. Солардың бірі — Vlast.kz интернет журналы.
2012 жылы құрылған бұл жоба үкіметтегі лауазымды тұлғалардың билікті асыра пайдалану ықтималдығына көбірек назар аударады. 2022 жылдың басында Vlast.kz редакциясы Organized Crime and Corruption Reporting Project (OCCRP) журналистерімен бірлесіп, Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың құпия активтері туралы зерттеулер жариялады. Жоба авторы Вячеслав Абрамов былтыр Халықаралық тергеуші-журналистер консорциумының (ICIJ) мүшесі атанды.
Былтыр наурыздағы жазбасында Vlast.kz мемлекеттен қаржы алмай жұмыс істеудің қиын екенін, бірақ 2015 жылдан бастап тендерге қатысуды қойғанын, ол үшін ешқашан өкінбегенін мәлімдеді.
"Біз ашық айтамыз: халықаралық донорлардан қолдау көріп отырмыз, соның арқасында қиын жағдайда жұмысымызды жалғастыра алдық. Бірақ біздің редакциялық саясатта оқырман мен қоғамның мүддесі әрдайым басты назарда болған, бола да береді" деді басылым Instagram-дағы жазбасында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вячеслав Абрамов: Адал журналист болмасаң, бұл кәсіппен айналысып нең бар?ДОНАТ КӨМЕГІ
Қазақстан медиа нарығындағы жоба жетекшілері мен журналистер донат арқылы қаржыландыру жүйесіне қатысты көзқарасы ұқсас. Дәурен Меркеев AIRAN көрермендерінен айына шамамен 1000 долларға дейін қолдау қаражаты түседі дейді. Ол бұл сома редакция шығынын толық жаппағанымен, бір журналистің жалақысына жетіп қалады деді. Одан бөлек, Меркеев YouTube платформадағы көрілім үшін редакция айына орта есеппен 3000-4000 доллар алатынын айтты.
Самал Ибраева Қаңтар оқиғасынан кейін "Ұлыс медиа" қаржылай қиындыққа тап болып, банктен несие алып, редакция шығындарын жапқанын айтты. Ол донат жүйесін де енгізгенін, бірақ айтарлықтай қолдау болмағанын жеткізді.
Ал "Уральская неделя" басылымының бұрынғы бас редакторы, қазіргі "Просто Журналистика" YouTube жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров. Орал, 2020 жылғы маусым
Ал "Уральская неделя" басылымының бұрынғы бас редакторы, қазіргі "Просто Журналистика" YouTube жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров Қазақстанда донат арқылы толыққанды редакция шығынын жабу мүмкін емес дейді.
– Қазақстанда тәуелсіз медианы қаржылай қолдау үрдісі әлі қалыптаспаған. Иә, аз-кем ақша түседі. Бірақ оған біздікі секілді кішкентай редакция да өмір сүре алмайды, – дейді Ахмедияров.
Десе де, Тамара Еслямова донатқа зор үміт артатынын айтты. Себебі, оның сөзінше, дәл қазір "Уральская неделя" басылымын сақтап қалудың басқа шешімі табылмай тұр.
– Біздің қоғамда тәуелсіз журналистика үшін үлкен тәуекелге барасың. Иә, рас, қорқыныш сезімі бар. Бірақ сонымен бірге, бұл саған үлкен сый әкеледі, бақыт сезімін сыйлайды. Өміріңді мағыналы етіп, миссияңды орындағандай сезім қалдырады. Осы күйдің өзі – бақыт. Жастарға да соны табуды тілеймін. Себебі ол сондай тәуекелге баруға тұрарлық, – деді "Уральская неделяның" құрылтайшысы әрі бас редакторы Еслямова.
AIRAN жетекшісі Дәурен Меркеев Қазақстандағы өңірлік басылымдар жағдайы өте қиын дейді.
"[Бізге қолдау көрсететін] адамдар табылып, жолымыз болды. Ал қалған әріптестерімізге [тәуелсіз журналистикамен айналысып келе жатқанына] риза боламын. Әсіресе, өңірлердегілер жарнама берушілерінің арқасында қызметін жалғастырып жатыр, – дейді Меркеев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үнсіз қала алмадым". Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққандарды жазалауТӘУЕЛСІЗ БАҚ-ТЫҢ "ЭКОНОМИКАСЫ"
Баспасөз еркіндігі күні қарсаңында "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы жыл сайынғы есебін, әлем елдері бойынша баспасөз еркіндігі индексін жариялады. Қазақстан былтырғыдан бір саты жоғары көтерілгенімен , ұйым картасында бұл ел қою сарғылттан қою қызыл түске боялған. Яғни былтыр 142-орында болса да, елдегі ахуал "ауыр" (100-ден 40-55 балл) саналса, биыл 141-орында тұрса да, жағдай "өте ауыр" (0-40 балл аралығы) деген баға берілген.
"Шекарасыз тілшілер ұйымының" 2025 жылғы баспасөз еркіндігі картасы.
Ұйымның биылғы есебінде Қазақстан медиа кеңістігі негізінен пропагандашыл баспасөз құралдарынан тұратыны, елде санаулы ғана тәуелсіз басылым бары айтылған. "Шекарасыз тілшілер" сол тәуелсіз басылымдарға осы мақалада аталған "Уральская неделя" мен Vlast.kz сайтын қосқан. Бұл тізімде одан бөлек Respublika.kz пен ҚазТАГ ақпарат агенттігі де бар.
Есеп авторлары жекелеген журналистердің YouTube, Telegram, Instagram секілді платформалардағы бастамаларын да атап өткен. Protenge, "За нами уже выехали" және Гиперборей секілді жобалар билікшіл медиа нарративіне қайшы келіп жатады дейді ұйым.
"Шекарасыз тілшілер" елдегі баспасөз еркіндігі ахуалын бес өлшем бойынша бағалайды. Соның бірі – экономикалық өлшем.
"Мемлекеттің қандай да бір баспасөз құралына қолдау білдіруі сол медианың үкімет күн тәртібі мен ресми пропаганданы ұстануына тікелей тәуелді. Үкімет субсидиясынан қағылған Тәуелсіз БАҚ тек жарнамаға сүйенуге мәжбүр. Олар жарнама бағасын төмендетуге шамасы келетін билікшіл медиамен бәсекеге түсе алмайды" дейді ұйым Қазақстан туралы бөлімінде.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы медиа ресурстардың экономикалық ахуалы жыл сайын қиындап келе жатқанын жазды. Институт биылғы есебінде әр елдегі билікті, өңірлік институттар мен жеке сектордағы кәсіпкерлерді ресурстарға қолдау білдіруге шақырды.
"Экономикалық тәуелсіздік болмаса, баспасөз еркіндігі де болмайды. Алайда 2025 жылы "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде дәл осы экономикалық көрсеткіш әлем бойынша баспасөз еркіндігінің құлдырауына ең көп әсер етіп отыр" деді ұйым өкілі.
Ұйым сарапшыларының анықтауынша, әлемдегі елдердің 85 пайызында медиа ресурстар қаржылық тұрақтырылыққа жете алмай келеді. Кейінгі бір жылда Иран, Белорус, Никарагуа мен Ауғанстанда саяси қысым мен қаржы тапшылығынан тәуелсіз ақпарат құралдары жабылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қысым құралы ма, ашықтық па? Қазақстан да "шетел агенті" заңын жазбақ