Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының тұрғындары аймаққа тағы бір дрон түскенін хабарлады. Бұл жөнінде "Уральская неделя" басылымы жазды. Осымен облыс аумағына екінші рет дрон түсіп отыр.
"Бұл жолы түріне қарағанда ірілеу – үш метрлік [дрон] аумаққа түсіп отыр" деп жазды басылым.
Жедел ақпаратқа қарағанда, Тасқала аудандық полициясына 18 наурыз сағат 17:35-те Атамекен ауылы тұрғындарынан белгісіз нысан (дрон болуы мүмкін) табылғаны жөнінде хабар түскен. Оқиға орнына оралдық саперлар барған.
"Нысанның ұзындығы – 300 сантиметр. Оқиға орнына Тасқала аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері барған. Аудан орталығы Тасқала ауылынан да қосымша әкімдік және төтенше қызмет мамандары барған" деп жазылған ресми хабарламада.
Мемлекеттік "Қазақпарат" агенттігі БҚО полиция департаментінің хабарламасын жариялады.
"Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті уәкілетті қызметпен бірлесіп, Тасқала ауданында дронға ұқсайтын нысанның табылуына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысан елді мекендерден шалғай аумаққа құлап, бүтін күйінде табылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр" деп жазылған полиция хабарламасында.
Осыдан шамамен бір ай бұрын – 18 ақпанда да Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылдық округы маңынан бірнеше шақырым жерден "белгісіз нысан" табылған еді. Жергілікті полиция Азаттыққа ақпаратты растап, тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Ол кезде табылған дронның ұзындығы 120 сантиметр екені айтылды. Кейбір әскери сарапшылар құлаған дрон "ресейлік "Орлан 10" ға ұқсайды" деп жазған еді.
Жергілікті полиция әлі күнге дейін табылған нысанға қатысты мәлімет берген жоқ.