Сербия президенті Александр Вучич АҚШ-қа сапарын үзіп, Сербияға оралды. Сенбі күні ол Белградтағы әскери-медицина академиясына жатқызылды деп жазды серб басылымдары. Дәрігерлердің сөзінше, Вучичтің жағдайы "тұрақты әрі қанағаттанарлық", алайда ол жақын күндеріне қызметіне оралмайды.
Сербия қаржы министрі Синиша Мали ізінше сенбі күні кешке Вучич ауруханадан шығарылғанын айтып, президенттің тәуірлігенін жеткізді.
Сербия қорғаныс министрлігіне қарасты денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі, кардиолог-дәрігер профессор Драган Динчичтің мәлімдемесіне қарағанда, Вучич АҚШ-қа сапарлап жүргенде кенет кеудесі қатты ауырған. Дәрігерлер оның қан қысымы көтерілгенін анықтаған. Динчичтің айтуынша, кейінгі он жылда президент үш рет осылай ауырған. Дәрігердің сөзінше, Сербияға ұшу кезінде президент өзін тәуір сезінген.
Вучичтің өзі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
АҚШ-қа сапары алдында Вучич ол жақта АҚШ республикалық партияның бірнеше лауазымды өкілімен кездесетіні хабарланған еді. Өзін нашар сезінгенге дейін Сербия президенті Флоридада Нью-Йорктің бұрынғы мэрі, Дональд Трамптың бұрынғы адвокаты Рудольф Джулианимен, республикашылдардың өкілі Клаудиа Тенни және серб кәсіпкерлерімен кездесіп үлгерген.
- Бұған дейін Сербия президенті АҚШ-қа сапарынан кейін Мәскеудегі әскери парадқа қатысатынын мәлімдеген еді. Еуроодақ өкілдерінің сынына қарамастан ол Мәскеуге сапарын шегермейтінін айтқан еді.
- 9 мамырда Мәскеуге Словакия премьер-министрі Роберт Фицо да баруды жоспарлап отыр. Егер ол сапарласа, Фицо Ресей Украинаға басып кіргелі бері Ресейге барған алғашқы ЕО жетекшісі болады. Словакия ақпарат құралдары дегенмен кейінгі кезде Фицоның денсаулығы нашарлағанын жазды. Ол Ұлыбританияға сапары мен 1 мамыр күнгі бағдарламасын кейінге шегерген. Фицо партиясының мүшесі, депутат Ян Рихтер сенбі күні соған қарамастан премьер Мәскеуге сапарын шегермейді деп мәлімдеді.