Orda сайты Қазақстан аумағында бір жабылып, қайта ашылды. Сайттың жабылғанын 4 мамырда күндіз сайттың басшысы журналист Гүлнар Бажкенова хабарлады.
“Елімізден басқа аумақта сайтымыз ашылып тұр. Сайттың қазақша және ағылшынша нұсқалары қалыпты істеп тұр” деп жазды ол Facebook-та.
Оның сөзінше, редакция мәселені шешуге шамасыз. “Бәрі ықпалды лауазымды тұлғаларға байланысты” деді ол.
Журналист ҚазТАГ агенттігіне сайтпен проблема 3 мамыр кеште басталғанын, сол кезде бір ашылып, бір ашылмай тұрғанын, ізінше мүлде жабылып қалғанын айтты. Ол мұны редакцияның "тәуелсіз" саясатымен байланыстырып, "жарты жылдан бері келіссөз жағдайында" өмір сүріп жатқанын айтты. Бірақ нақты кіммен не жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын нақтыламады.
"Егер бәрін айтсам, мені мүлде жауып тастай ма деп қорқамын. Бірақ бұл белгілі бір мақалалармен тіке байланысты емес, мұның барлығы маған қатысты" деді Орда жетекшісі.
Жексенбі күндіз сайттың ашылмай тұрғанын Азаттық тілшісі де байқады. Интернет веб-ресурс бірнеше провайдерден ашылмай тұрды, бірақ VPN-мен оңай ашылып тұрды.
Уәкілетті органдар ақпаратқа түсініктеме бермеді.
ҚазТАГ-тың жазуынша, Бажкенова кейін мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдерінің редакцияға хабарласып, мәселені шешуге көмектесетіндіктерін айтқан. Orda сайты қазір ашылып тұр.
Қазақстанда ақпарат құралдарының сайттары мен әлеуметтік желілердің жұмысы баяулауы немесе ашылмай қалғаны жөнінде ақпарат шығып тұрады. "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының мәліметінше, кейінгі айларда елде TikTok жұмысы баяулап, "Ахуал сегодня" YouTube арнасының контенті шектелген.
Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымының "Интернет еркіндігі" есебінде Қазақстан тағы да "интернеті еркін емес ел" қатарында аталған. Кейінгі бір жылда Қазақстан "интернет пайдалану", "контентті шектеу" және "қолданушы құқығын бұзу" жөнінен бұрынғыдан еш өзгермеген.