Украина мен АҚШ пайдалы қазбалар келісіміне қол қойды

Украинаның Кировоград кен орны. 2025 жылдың ақпаны.

1 мамырда Вашингтон мен Киев Украинаның сирек металдарын пайдалану бойынша келісім-шартқа қол қойды. Бұл туралы АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент хабарлады.

"Бұл келісім Ресейге Трамп әкімшілігінің бейбіт келіссөз процесіне, Украинаның ұзақ уақытты дамуы мен тәуелсіздігіне ден қоятынын көрсетеді" деді ол.

Келісімге қол қойылғанын Украина экономика министрі Юлия Свириденко да желіде растады. Оның сөзінше, АҚШ пен Украина инвестициялық қор құрады. Келісімге сай, барлық ресурстар Украинаның бақылауында қалады, ал екі ел қорды теңдей басқарады. Құжатта Украинаның қарызды қайтаруы туралы сөз жоқ.

Свириденконың жазуынша, пайдалы қазбалардан, мұнай мен газдан түскен қаржының елу пайызы қорға аударылады. Ал АҚШ қорды ақшалай немесе Украинаға әскери көмек арқылы толтырады. Қорға аударылған ақшадан АҚШ та, Украина да салық алмайды.

30 сәуірде Украина экономика министрі Юлия Свириденко келісімге қол қою үшін Вашингтонға барған еді.

АҚШ пен Украина арасындағы минералдар келісіміне Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдары мен порттары қосылмайды. Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Украинадан сирек металдардан бөлек порттар мен энергетикалық инфрақұрылымдарды да талап еткені айтылған.

Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланған соң Украинаның сирек металдарын пайдалануды талап еткен. Ол сирек металдарды АҚШ-тың Украинаға соғыс кезінде берген көмегінің қайтарымы деген.

Ақпанның соңында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа келісімге қол қоюға барғанда Трамппен сөзге келіп қалған еді. Кикілжіңнен соң құжатқа қол қойылмаған. Екі тарап ұзақ уақыт шарттармен келісе алмаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Зеленский мен Трамптың дау-дамайы: төрт түйінТрамп пен Зеленский сирек минералдар келісімін пысықтады. Құжатта қауіпсіздік кепілдігі бар ма?Мюнхендегі келіссөзде Зеленский АҚШ-пен сирек металдар туралы келісімге қол қоймады