Мәжіліс жаңа салық кодексі жобасын қабылдады

Парламенттің төменгі палатасы жаңа салық кодексі жобасын қабылдады. Құжатта қосымша құн салығы (ҚҚС) көлемін 16%-ға дейін арттыру, оның межесін 40 млн теңге көлемінде бекіту қарастырылған. Өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

"Үкімет ұсынған бастапқы 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосымша құн салығы бойынша тіркеу шегі 15 миллион теңгеден 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды", - деді депутат Берік Бейсенғалиев.

Жаңа өзгерістерге сай, медицина саласында қосымша құн салығы тек ақылы қызметтерге салынбақ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосымша құн салығын төлеуден босатылады. Жоба қабылданса, әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болмақ. Корпоративтік табыс салығы банк секторы және ойын бизнесі үшін 25% болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы тауары өндірушілерін қолдау мақсатында қосымша есептелген қосымша құн салығы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Депутаттың айтуынша, оларға "салмақ қазіргіге қарағанда азаяды".

Бұған қоса, "байлық салығы да" салынбақ. Жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асқан мүлікке салық көлемін арттыру ұсынылып отыр.

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған.

Жұрт әлеуметтік желіде үкіметтің бастамасын сынға алған. Сарапшылар салық ауыртпалығы қатардағы тұтынушыға түседі деді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда елдегі бизнес өкілдерімен кездесуде үкімет ұсынған ҚҚС мөлшері тым жоғары деп, бұл мәселені зерттеуді әрі биыл нақты шешім қабылдауды тапсырған.

Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.