Трамп Путин Украинаны атқылауды қойып, келісімге қол қойғанын қалайды

АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинді Украинадағы соғысты тоқтатуға, Украинаның аумағына соққы жасауды доғаруға тағы да шақырды.

"Ол ауылдарды атуды тоқтатып, келісімге қол қойғанын қалаймын" деді Трамп журналистерге.

Трамп алдағы екі аптада Путин бейбітшілікті қалай ма, қаламай ма белгілі болады деп санайды. АҚШ президентінің сөзінше, Ресей бейбітшілікті қаламаса Вашингтон басқа шаралар қабылдайды.

Трамп 26 сәуірде Римде өткен Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуді "сәтті" деп бағалаған. "Зеленский бейбітшілік үшін Қырымнан бас тартуға дайын ба?" деген сұраққа Трамп "солай деп ойлаймын" деп жауап қатты.

Бұған дейін Зеленский Украина "Қырым Ресейдің жері" деп заңды түрде мойындамайтынын айтқан еді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 28 сәуір – 4 мамыр арасындағы апта Украина бойынша келіссөз үшін шешуші деп атаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Римде Зеленскиймен кездесіп, ізінше Путинді сынады

"Бейбіт келісімге жақынбыз, бірақ өте жақынбыз деп айту қиын" деді ол.

Бүгін, 28 сәуір таңертең Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефон арқылы сөйлескені хабарланды. Ресей сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, екі тарап 27 сәуір кешке сөйлесіп, "Украинадағы дағдарысты" талқылаған.

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті бұл телефон әңгімесі жайлы ешқандай ақпарат таратқан жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина-Ресей келіссөзі: Еуропа елдерінің қандай жоспары бар?