АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен сөйлесті. Олардың әңгімесі 2,5 сағатқа созылды.
Ақ үй жариялаған хабарламаға қарағанда "президент Трамп пен президент Путин бейбітшілік қажеттілігі мен Украинада атысты тоқтату" туралы айтқан. Онда «бейбітшілікке қарай ұмтылыс» энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдарды тоқтату, сонымен қатар Қара теңізде атысты тоқтату бойынша келіссөздерден басталатыны айтылған.
"Мұндай келіссөздер Таяу Шығыста дереу басталады" деп жазылған хабарламада.
Ресей мен АҚШ президенттерінің телефон әңгімесінен кейін Кремль баспасөз баяндамасын жариялады. Онда тараптар "Украина төңірегінде егжей-тегжейлі және ашық пікір алмасуды жалғастырғаны" жазылған.
Кремльдің хабарламасына қарағанда, әңгіме барысында мемлекет басшылары 30 күнге атысты тоқтату тақырыбын қозғаған.
"АҚШ президентінің атысты 30 күнге тоқтату туралы бастамасы аясында Ресей жағы майдан сызығында ықтимал атысты тоқтатуға тиімді бақылауды қамтамасыз ету, Украинадағы мәжбүрлі мобилизацияны тоқтату және Украинаның әскерін қару-жарақпен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар маңызды тармақтарды атап өтті" деп жазылған Кремльдің хабарламасында.
Одан бөлек, Трамп пен Путин "әлемде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ортақ жауапкершілік тұрғысынан екіжақты қарым-қатынасты қалыпқа келтіру" қажеттігін атап өткен.
Путин сонымен бірге 19 наурызда Ресей мен Украина бір-бірімен "175 пен 175" формуласы бойынша тұтқын алмасатынын мәлімдеді. Ресей президентімен телефон әңгіменің алдында Трамп Truth желісінде бейбітшілік келісімінің көптеген элементі келісілгенін, тек ашық талқылауды қажет ететін кейбір детальдары ғана қалғанын жазған. Бірақ ол қандай элементтер келісілгенін және кіммен талқыланғанын айтқан жоқ.
Өткен аптада Украина АҚШ-тың Ресеймен соғыста атысты 30 күнге тоқтату туралы ұсынысымен келіскен. Путин атысты тоқтату туралы ұсыныстан бас тартқан жоқ, бірақ бірқатар шарттарды алға тартқан.