2022 жылдан бері Қазақстанға 39 мыңдай шетел қазағы көшіп келіп, қандас мәртебесін алған. Қандастар арасында Ресейден көшіп келетін қазақтар үлесі әдетте көп емес. Мұндай куәлік алатындар көбіне Қытай, Өзбекстан мен Моңғолия азаматтары болатын. Қандас мәртебесін алғандарға азаматтық жеңілдетілген тәртіппен беріледі. Қазақстанда бес жыл тұру немесе қазақ тілін білу сияқты талаптар қойылмайды.
Бірақ Украинада соғыс жүргізіп жатқан Мәскеу елде мобилизация жариялап, жаппай әскерге шақырта бастаған 2022 жылы Ресейден көшіп келген қазақтар үлесі күрт артты. Қандастар арасында ресейлік қазақтар саны 8,8 пайызға жетті. Еңбек министрлігінің 2022 жылғы дерегіне қарағанда, қандас куәлігін алуға құжат тапсырған 1300-ден аса адамның жартысы Қазақстанға мобилизация жарияланған соң келген.
Ресейлік қазақтар көші 2023 жылы да жоғары болды. Қандас мәртебесін алған 21 мыңнан аса адамның 6,8 пайызы, яғни 1450 адам — ресейлік қазақтар. Ресейден келетін қандастар көші былтыр қайта саябырси бастады. Куәлік алғандар үлесінде (18 мың адам) ресейлік қазақтар саны 2,7 пайызға (487 адам) азайды.
Азаттық ресейлік қазақтар ең көп қоныстанған екі облыс — Астрахан мен Орынбор өңірінде тұрған екі адаммен сөйлесті. Ресей билігі Азаттық радиосын былтыр ақпанда "жағымсыз ұйым" тізіміне қосқан. Сондықтан Азаттыққа ашық сұхбат берген азаматтың өзі не туыстары Ресей аумағында түрлі қысым мен қудалау көруі мүмкін. Азаттық екі адамның аты-жөнін өзгертіп, кейбір жеке деректерін құпия қалдырды.
Нұрлан мен Әсел
41 жастағы Нұрлан Ресейден 2022 жылы қыркүйекте көшіп келген. Әуелі өзі, артынша әйелі мен балалары қоныс аударған. Қазір Астанада отбасымен пәтер сатып алып, азаматтық алуға құжат тапсырып жүр.
Нұрлан Орынбор облысындағы ауылда туған. Үш мыңдай адам тұратын ауылдың атын қауіпсіздік мақсатында атаған жоқ. Оның сөзінше, елді мекенде көбіне орыстар тұрады. "Он шақты ғана қазақ отбасы бар".
Нұрлан ауыл мектебін бітірген соң Самара облысындағы бір қалада институтқа түскен. Жоғары оқу орнын бітіріп, сонда тұрақтап қалған. Ол кейінгі жылдары өзі тұрған қаланың белсенді азаматы болғанын айтады.
— Қала басшының атына үнемі арыз жазып, хат жазып, қоғамдық мәселелерді көтеріп жүретінмін, — дейді Нұрлан. — Бұзылып жатқан жерді жөндеу, жол салу сияқты мәселелерді көтеретінмін. Қала әкімімен кездесуге кіремін деп жүргенде мобилизация туралы хабар шықты.
25 жастағы Әсел Астрахан облысындағы Володар ауданынан Қазақстанға соғыстан бұрын, 2021 жылы көшіп келген. Қазір Ақтауда жұмыс істейді. Былтыр көктемде Қазақстан азаматтығын алған.
Әселдің әпке-бауырлары Қазақстанға ертеректе көшіп келген. Бала кезінде жаз сайын соларға қонаққа келіп, Ақтау мен Атырауда көп болған. Әсел Астрахан облысында университетте оқып жүргенде-ақ Қазақстанға көшемін деп шешкен. Мамандығы инженер бойжеткенге облыста өз саласы бойынша "жұмыс істейтін жер болмаған". Көп танысы оқудан соң басқа өңірлерге кететінін байқаған.
— Астраханда болашағым жоқ екенін білдім, — дейді Әсел. — Бала кезімде Қазақстанға жиі келгендіктен, оқу бітіре сала еш қиналмай көшіп келдім. Кейін соғыс басталғанда осы жаққа келгенім дұрыс болған екен деп қуандым.
"Құжатқа қол қойдыруға тырысты"
Нұрланды қаладағы әскери комиссариатқа мобилизациядан бірнеше ай бұрын, соғыс басталған бір айдан соң-ақ шақырған.
— 2022 жылдың сәуірінде хабарласа бастады. Қинау, мәжбүрлеу болған жоқ. Банктің коллекторлары сияқты "бізге келсеңізші" деп коммисариатқа шақырып тұратын. Жұмыс беруші арқылы да хабарласты. Офицер шенім болатын, кезінде әскери кафедрада оқығаным бар. Содан шығар деп ойладым, — дейді Нұрлан.
Ол комиссариат өкілдеріне уақыты жоғын, жұмыстан шыға алмайтынын айтып, баруға көнбей жүрген. Жарты жылдан соң, тамызда комиссариаттың қызметкері хабарласып, міндетті түрде келуі керегін айтқан. Мұндай шақыртуды Нұрланның бажасы да алған. Комиссариат өкілдері екеуіне әлдебір келісім-шарт ұсынған.
— Сондағы қызметкер бізді құжатқа қол қойдыруға тырысты, — дейді Нұрлан. — Не қылған құжат екенін, қандай шарттары барын ешкім түсіндірген де жоқ. "Қорқасыз ба не?" деді. Мен "Жоқ, рақмет, ешқандай келісім-шарттың керегі жоқ" деп бой бермедім. Ұзақ сөйлесіп, ақыры көндіре алмайтынын түсінген соң ашуланып кетті де: "Онда қыркүйекте барасыздар әскерге" деді.
2022 жылы қыркүйекте мобилизация жариялана сала, расымен, әскери коммисариатқа шақырту алғандардың алғашқы легінде Нұрлан болған. Комиссариат адамдары оны ресми тіркеуде тұрған әке-шешесінің ауылдағы үйіне тап сол күні түнгі 10-дар шамасында іздеп барған. Мұны анасы хабарласып айтқан.
— Уайымдай бастадым. Мазам кетті. Ойлана беріп, өңім қашып кетіпті. Жұмысқа барсам, әріптестерім не боп қалды деп уайымдап кетті, — дейді Нұрлан. — Есім кіресілі-шығасылы. Енді не болар екен? Не істеймін? Әріптестерімнің көбінен сұрап шықтым. Ешкімге әлі шақырту келмеген. Әскери комиссариаттан әлі менен басқа ешкімге хабарласпаған.
— Мен күші тасып тұрған "Рэмбо" емеспін, арнайы жасақта жүрген адам да емеспін. Не үшін тап мені ғана шақырғанын түсінбедім, — дейді ол.
Нұрлан осыдан соң әскери комиссариат "өзін соғысқа тартуға ерекше күш салып жатқанын" түсінген. Жұмыс орнында екі күн ойланып, елден кетуге бел буған. Ол өзі жұмыс істейтін қаладан 200 шақырым жердегі Қазақстан шекарасына жетіп, мобилизациядан қауіптенген өзге ресейлік азаматтармен бірге ұзын-сонар кезекке тұрып, бірнеше сағаттан соң Орал қаласына өткен.
— Сол сәтте өзімді екі елге жат адамдай сезіндім. Әрине, жақындарым елден кетіп жатқанда түсінді, қолдау білдірді. Ал басқалар "сатқын екенсің" деп бетіңе айтпаса да, сынай қарағаны анық, — дейді ол. — Кетпес бұрын бажама бардым. "Бірге кетейік Қазақстанға, пәтер табу, күн көріп кету оңай болады" дедім. Оны соғысқа алып кете ме деп қорықтым. Бірақ ол келіскен жоқ. "Жұрт не дейді? Ата-анам не айтады?" деді. Кейін сөйлескенімде "соғысқа шақырса, барамын" деп отыр.
Шовинизм
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ресми дерегінше, қазақтардың көбі Астрахан (143 мың), Орынбор (107 мың), Омбы (69 мың) және Саратов (64 мың) облыстарында тұрады.
Әселдің ауылында көбіне қазақтар тұрған. Өзі екі-үш қана орыс отбасын таниды. Мектепте де қазақтармен оқыған. "Екі-үш қана орыс бала болатын".
— Бір жылдары мектебімізде тіпті қазақ тілін оқытты. Грамматика үйретті, — дейді Әсел. — Өзімді орыстанған адам деп санамаймын. Үйде қазақша сөйлесетін едік, ата-анам бір-бірімен қазақша сөйлеседі.
Бірақ, бойжеткеннің айтуынша, Ресей қазақтарының көбі орыстанып кеткен. "Астрахан облысынан бөлек, неге екені белгісіз, әсіресе Қазақстанға жақын Краснодар ауданының адамдары көбірек орыстанған".
Нұрлан Ресейде жүргенде қазақ тілі аса көп қажет болмаған. Бірақ Орынбор, Саратов облыстарынан келген қазақтар дәстүрді ұстанып, ана тілін ұмытпағанын айтады. Қазақтар тұратын ауылдан шыққан бажасы да қазақша сөйлесіп, салт-дәстүрді ұстанады. Нұрланның сөзінше, Ресейде аз ұлттардың өз тілінде сөйлескеніне орыстар қырын қарайды.
— Алғаш Қазақстанға келіп, автобусқа мінгенде Ресейде тұрмыстық шовинизм барын түсіндім. Автобустағы адамдар бір-бірімен қазақша сөйлесіп жатқанда жайсыз күй кештім, — дейді Нұрлан. — Әлгі адамдарға қарап, "тыныш-тыныш, жайырақ сөйлесіңдер, қазір сендерге жақтырмай қарайды" дегім келіп тұрғандай болды. Себебі Ресейде, мысалы, базарда өзбектер бір-бірімен өзбекше сөйлесіп жатса, сондағы орыстар ала көзбен қарайтынын немесе егде жастағы кісілер ұрысып тастайтынын көретінмін. Совет кезінде Алматыдағы қазақтарға автобуста "ауылдарыңа барып сөйлесіңдер қазақша" деп ұрысып тастайтын дегенді оқығанмын. Ресейде мұндай әлі бар.
Нұрлан "ана тілін білудің маңызы дегенге бұрын қатты бас ауыртпаған". Бірақ Қазақстанға келген соң балаларымен қазақша үйрене бастаған. Қазір тұрмыстық деңгейдегі сөздерді біледі.
Соғыста өлгендер
Нұрлан соғысқа дейін де Ресей президенті Владимир Путиннің саясатына сыни көзбен қараған. "Митингілерге қатыспаса да", тұрмыстық деңгейде оппозициялық көзқарас ұстанған.
— Әріптес, туыс, таныс, достармен сөз таластырып, Ресейдің соғыс бастағаны дұрыс емес екенін дәлелдеуге тырысатынмын, — дейді Нұрлан. — Екеуара сөйлескенде адамдар не айтарын білмей қалса, теледидардан естіп алған "НАТО бізге қауіп төндіріп тұр" деген аргументті қайталайтын.
Ол Ресейден ертерек көшіп кетпегеніне өкінеді. Елдің қай бағытта кетіп бара жатқанын ертерек түсінген "ақылдылар" 2014 жылы-ақ шетелге көше бастаған. "Ақылы сәл кемдер" Ресей Украинаға басып кіргенде кетіп қалған. "Өзі сияқты ақымақтар" қыркүйекте мобилизация жариялағанда бір-ақ көшкен. "Ал "мақтабастар" әлі күнге дейін сонда жүр" дейді Нұрлан.
Әселдің әке-шешесі — орта жастағы кісілер. Ресейдің басқыншы соғысына сыни қарағанымен, ол туралы ашық талқыламайды. Бірақ, оның сөзінше, Астраханда жасы үлкен кісілердің арасында соғысты ашық жақтайтындар көп.
— Туысқан көкем үйге келеді. Үлкен кісі. Әкем екеуі соғыс туралы сөйлесіп, ақырында дауласып, ұрысып қала жаздайды, — дейді Әсел. — Әлгі ағам "Ресей Қазақстанға басып кірсе, Ресейдің туын көтеріп жүремін" дейді. Мүмкін әзілі болар, білмеймін. Бірақ совет кезінде өмір жақсырақ болды дейтін үлкен кісілер көп. Олар Ресейдің қазіргі саясатын қолдайды.
Әсел Астрахан облысынан соғысқа аттанып жатқан қазақтар көп екенін, майданда қаза тапқандар туралы хабар жиі еститінін айтады. Мәселен, мектепте өзімен қатар басқа сыныпта оқыған ұлты қазақ жігіті таяуда қаза тапқанын естіген. Ол бір жарым жыл бұрын, 22-23 жасында өліп кеткен. Анасының әріптесінің 19 жастағы ұлы да үйлене сала соғысқа аттанып, бірер айдан соң табытпен оралған.
— Әсіресе шалғай ауылдан кеткен көп жас бала өліп жатыр, — дейді Әсел. — Марқұмдар арасында 19-20 жастағы жігіттер көп. Өте өкінішті. Алыс ауылдарда тұратындар оқуға түспейді. Жоғары білімдері жоқ. Сөйтіп әскерге барады. Ақша табу үшін келісім-шарт жасасып, соғысқа аттанып кетеді. Өліп қаламын-ау деп ойламайды.
— Менің ойымша, соғысқа өзі кетіп жатқан сондағы қазақтардың миы уланған, — дейді Нұрлан. — Тұманда адасқан адамдар. Пропагандаға еріп кеткен. Күнкөріс қиын дейін десең, қалаған адам жұмыс таба алады ғой. Ондағы қазақтар тым кедей деп те айта алмаймын. Біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмысы бар.
Нұрлан Самара облысындағы өзі тұрған елді мекенде қазақ көршісі болғанын айтады. Үйдің отағасы — зейнеттегі әскери қызметкер. Нұрланның сөзінше, көршісі соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанған.
— Ресейлік қазақтарда өзге аз ұлттарға тән бір қасиет бар. Олар айналасына өзіңнің мықты екенін дәлелдеуге тырысып тұрады. Үнемі "мен мынадай адаммын, қолымнан мынадай келеді" деп тұрады. Мен білетін қазақтардың арасында милиция, күзетші, әскери адам көп. Яғни, патриотизмге, елге қызмет дегенге қатты қарайды. Сол бағытта жұмыс іздеуге тырысады. Бұл салалар абырой саналды әрі ақшасы да жақсы. Сондықтан соғысқа аттанған ресейлік қазақтар, теледидарда айтып жүргендей, "нацистерді қыруға барамыз" деп кетеді деп ойлаймын, — дейді Нұрлан.
2022 жылы мамырда Азаттықтың "Идел.Реалии" қызметі Астрахань облысындағы халықтың 16 пайызын қазақтар құрайтынын, бірақ осы өңірдегі соғыста өлгендердің 80 пайызы қазақтар екенін жазған.
Былтыр қазанда қазақстандық Orda.kz сайты беймәлім еріктіге сілтеп, 2022 жылдан бері орыс әскері шебінде соғысып жүріп қаза тапқан ұлты қазақ ресейлік азаматтар саны 3 мыңнан асатынын хабарлаған. Аты-жөнін құпия ұстаған ерікті азамат бұл тізімді әлеуметтік желілер мен жергілікті ақпарат агенттіктерінде жарияланған қаралы хабарларға сүйеніп жасаған.
"Путин кетсе де, қоғам қалады"
Қазір Әсел Ресейдегі оқиғалардан барынша алыстап, Қазақстан азаматы ретінде осы елдегі жайттарға көбірек назар аудара бастаған. Кейінгі рет ауылдағы әке-шешесіне барғанда өзін Ресейде бөтен адамдай сезінгенін айтады.
— Астраханда жүргенімде қазақтар азайып, Кавказ ұлтының өкілдері көбейгендей болып көрінді. Айналамдағы адамдар мүлдем өзгеріп кеткендей күй кештім. Бұрын ондай болмайтын, — дейді Әсел.
Оның Ресейдегі көп танысы соғыс бойынша бейтарап позиция ұстанады. "Болып жатқан жағдай өздеріне тікелей әсер етпеген соң көндігіп кеткен". Бірақ жақындарынан соғыс басталғалы тіпті балаларға да пропаганда күшейгенін естіген.
— Әр дүйсенбі сайын "Разговоры о важном" деген сабақ өтеді екен. Әке-шешем бұған қалыпты нәрсе сияқты қарап отыр. Таңқалдым, — дейді бойжеткен. — Кішкентай балаларға не айтады? Патриотизм деген жақсы. Бірақ олар басқа бағытқа ауып кеткен сияқты.
"Разговоры о важном" — Ресей мектептеріне 2022 жылы, соғыс басталған соң енгізілген апталық тәрбие сағаттары. 1–11-сыныптарға өтеді. Бұл сабақтарда Украинадағы соғысқа қатысты ресми көзқарас насихатталады, Батыс елдері мен НАТО-ға сын айтылады, "Ресей болашақта шекарасы шексіз ел болады" деген ұрандар дәріптеледі, билік пен президентке қолдау көрсетуге үндейді. Ресми билік мұны "тәрбие жұмысының маңызды бөлігі" деп есептейді.
Ресейдегі қоғам, Нұрланның сөзінше, қазір екіге айырылған. "Соғысқа дейін де пропаганда Ресейге әлдебір күштерден қауіп төніп тұр деген ойды жиі қайталап, ұдайы жау шаптырып отыратын. Бірақ бұрын жұрт қазіргідей араздасқан емес".
— Ал соғыстан соң түрлі көзқарастағы адамдардың арасын маркермен сызып, бөліп тастады, — дейді ол. — Өзі сияқты ойламайтындарға "сен бөтенсің" дейді. "Өзіміздің адамдар қасымызда, ал бөтендер елден кетіп қалды" дейді.
Нұрланның әйелі мен балалары қазір өзімен бірге Астанада тұрады. Балалары жергілікті мектепке барады. Ресейге қайту ойында жоқ.
— Путин мәңгі тұрмайды ғой, — дейді ол. — Физиологиялық себеппен әйтеуір өлері анық. Бірақ оны жақтайтын қоғам қалады. Балаларымнан "2022 жылы қайда болдың?" деп сұрайды. "Әкеммен Қазақстанға кетіп қалдық" десек, "қашқын екенсіңдер ғой" демей ме?
Бірақ Нұрлан Ресейді отаным деп есептейді. "Адам отанын таңдамайды. Ресей — мені ересек өмірге бастаған, оң-теріс қасиеті бар адам етіп шығарған ел".
— Сондықтан Ресейді қаралағаным дұрыс болмас, — дейді ол. — Қазіргі жағдайды жіті бақылап отырмын. Бірақ мұның бәрін уақытша нәрсе деп ойлаймын. Қоғам түбі оянып, ақылға келер.
ПІКІРЛЕР